Мәскеуде Ресейдің Үлкен театры мен “Астана Опера” арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Аталған шара Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің мұрындық болуымен жүзеге асты.
Құжатқа Ресей Үлкен театрының бас директоры Владимир Урин мен “Астана Опера” директоры Ғалым Ахмедияров қол қойды.
Мұндай тың өзгеріс еліміз тәуелсіздік алғалы тұңғыш рет жүзеге асып отыр. Өйткені осы байланыс арқылы әртістермен, орындаушы ұжыммен алмасу, өзара кеңес беру көмегін ұсыну, гастрольдік сапарларды ұйымдастыру, бірлескен шығармашылық жобаларды ұйымдастыру жоспарлануда.
“Бұрын мәдени шаралармен алмасу шеңберінде қос елдің әртістері Астана және Мәскеу сахналарында өте сирек өнер көрсететін. Енді бұл үрдіс ұдайы жүргізілетін болады. Сондай-ақ, әлемнің үздік театрларының бірімен жасалған бұл меморандум үлкен жетістік екенін, әртістердің келешегіне жол аша отырып, қазақ мәдениетіне жаңа серпін болатынын айта кету керек”, – дейді “Астана Опера” директорының орынбасары Александр Совостьянов.
Тараптар қол қойылған құжаттың аясында шығармашылық топтар арасында көптеген қажетті де пайдалы шаралар ұйымдастыруға болатынына сенім білдірді.