“Қазақтуризм” компаниясы Мәскеуде еліміздің іскерлік туризміне арналған роуд шоу ұйымдастырды.
Шара ХІІ халықаралық Moscow MICE Forum аясында өтті. Оған 14 қазақстандық және 50 ірі ресейлік компания мен агенттік қатысып, екіжақты келіссөздер жүргізді.
Іскерлік туризм саласы қазір бүкіл әлемде қарыштап дамып келеді. Біздің ел де осы үрдістен артта қалған емес. Отандық мамандар Астана қаласын халықаралық шаралар өткізетін алаң ретінде беделді ресейлік туристік агенттіктерге ұсынды. Елордамыз ең жоғары деңгейдегі форумдарды ұйымдастыруға қауқарлы. Шаһарда көрмеге арналған 25 мың шаршы метр алаң, 3 мың қонақ үй бөлмесі, конгресс-орталықтар мен спорт кешендері шоғырланған.
Ақбота Қалиева, “Қазақтуризм” ҰК АҚ өкілі:
– Бізде экономика, саясат, спорт салаларына қатысты шаралар өткізуге қажетті инфрақұрылым бар. Елге қаражат тарту үшін үлкен алаңдар салынған.
Ел өкілдері ресейліктерді “Көшпенділер әлемі” атты ІІІ халықаралық этнофестивальдің қонағы болуға шақырды. Биыл бұл қойылым Астана күнін мерекелеу аясында маусымның 30-ы мен шілденің 1-і аралығында өтеді. Көрші мемлекеттің тілшісі Олег Злобиннің пікірінше, туристерді осындай шаралар қызықтырады. Маман өзі Қазақстанға келіп, арнайы фоторепортаждар әзірлеген. Бұл туындылар туризм жайлы ресейлік және шетелдік журналдарда тұрақты жарияланып тұрады.
Олег Злобин, “Туризм шеберханасы” медиа орталығының директоры:
– Ең бастысы, мен Қазақстанның киелі жерлерін аралап шықтым. Әр азамат пен турист үшін қасиетті орындарды көрдім. Нәтижесінде әдемі фоторепортаж жасадым. Журналымыздың жаңа басылымында “Астананың 20 кереметі” атты туындыны басып шығардық. Оған елорданың сәулетті ескерткіштерінің суреттері кірді. Әрине, туристер арасында қызығушылық пайда болды.
Қызығушылықтың бар екенін туристік операторлар да растап отыр. Былтырдың өзінде Қазақстанға келген ресейлік туристердің саны 30 пайызға артқан.
Светлана Ануфриенко, РФ өңірлері туристік қауымдастығының басшысы:
– Жыл сайын Ресейдің 50 миллион турисі шетелге шығады. Арасында жергілікті өңірлерді аралауға бел буатын азаматтар да бар. Бірақ қазір көбі Қазақстанды көруге құлық танытып отыр. Талдау агенттіктері жариялаған соңғы мәліметтерге сүйенсек, Қазақстан – ресейліктер арасында сұранысқа ие бағыттардың бірі. Бұл тізімде біздің ел Түркия, Абхазия және Финляндия сынды мемлекеттермен қатар тұр.