Бүгін, 5 қыркүйекте, қазақтың көрнекті ағартушысы, ғалым, публицист, қоғам қайраткері, Алаш партиясының мүшесі Ахмет Байтұрсынұлы 150 жасқа толды.
Мерейтойға орай Мәскеудегі Қазақстанның Елшілігінде қазақстандық студенттер мен Қазақ диаспорасы өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті.
Кездесуді ашқан Біріккен ядролық зерттеулер институтының (Дубна қ.) студенті Бағдат Мықтыбекова Байтұрсынұлы мұрасы қазақ халқының рухани мәдениетінің құрамдас бөлігі болып табылатынын, ол қазіргі қазақ тілінің дамуына зор ықпал еткенін, Қазақ жазуын араб графикасы негізінде реформалағанын, отандық лингвистиканың негізін қалаушы және алғашқы қазақ оқулықтарының авторы болғанын еске салды.
Өз кезегінде сөз алған Мәскеудегі Қазақ ұлттық-мәдени автономиясының вице-президенті, Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының доценті Талғат Мықтыбаев Байтұрсынұлының қазақ әдебиеті мен тіл білімінің дамуына қосқан орасан зор үлесімен қатар, оның педагогикаға сіңірген еңбегін де атап өтті. “Ұстаз ретінде Байтұрсынұлының өз шығармалары мен дәрістерінде алға қойған негізгі үш ережеге назар аударғым келеді: білікті ұстаз, оқу-әдістемелік құралдар және тиісті бағдарлама”, – деді Талғат Мықтыбаев.
Шара барысында қатысушылар көрнекті тұлғамыздың өмірбаянынан қызықты деректермен бөлісті, оның өмірі мен шығармашылығы туралы деректі фильмді тамашалады, өлеңдерінен үзінділер оқыды.
Олардың пайымдауынша, ХХ ғасырдың басында қалыптасқан қазақ зиялылары сол қиын да қайшылықты жағдайда қыруар істер атқара білді және ондаған жылдардан кейін жаңа тәуелсіз мемлекеттің пайда болатынын болжай алды. Біздің міндетіміз – Байтұрсынұлы мұрасын Еуразия кеңістігінің ішінде және одан тыс жерлерде насихаттау, – деп түйіндеді жиынға қатысушылар.