2021 жылы 4 наурызда Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Ермек Көшербаев Ресей Федерациясы Мұсылмандары Діни Басқармасының және Ресей Мүфтилер Кеңесінің төрағасы, мүфти шейх Равиль Гайнутдинге ізет сапарымен барды.
Жылы және достық жағдайда өткен кездесу барысында тараптар дінаралық диалогты дамытудағы екі елдің өзара іс-қимылын талқылады.
Равиль Гайнутдин Ресей өміріндегі мұсылмандардың рөлі туралы айтты. 2022 жылы Ресей Федерациясының Мұсылмандардың діни басқармасы Еділ Болгария халықтарының исламды ресми қабылдағанының 1100 жылдығын атап өтуге дайындалып жатқандығы атап өтілді.
Тараптар Қазақстан мен Ресей мұсылмандары діни басқармалары арасындағы қалыптасқан ынтымақтастық деңгейіне қанағаттанушылық білдіріп, радикализм мен экстремизмнің таралуына қарсы іс-қимыл ісінде теологиялық білім беру, рухани-ағартушылық қызмет саласында кадрлар даярлаудың маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ, Ресей мұсылмандарының делегациялары Нұр-Сұлтандағы әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съездеріне үнемі шақырылып отыратындығы, ал өткен жылы бүкіл мұсылман үмметі үшін маңызды шаралар болып табылатын Абайдың 175 жылдығы мен Әл-Фарабидің 1150 жылдығын мерекелеу жөніндегі іс-шараларға белсенді қатысқандығы атап өтілді.
Сөз соңында Равиль Гайнутдин қазақстандықтарды биыл атап өтілетін ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтап, елімізге бейбітшілік пен өркендеуді тіледі.