Уфа, 2024 жылғы 25 қараша – Қазақстан мен Ресейдің мерейтойлық ХХ өңіраралық ынтымақтастық форумы қарсаңында Уфада Қазақстанның мәдениет күндері өтті.
Қала тұрғындарына «Қазақстан сегодня» фотокөрмесі ұсынылып, «Қазақ халық ертегілері» жинағының тұсаукесері өтіп Башқұртстан Республикасы Ұлттық кітапханасының кітапхана мұрағат қорларына тапсырылған.
Бұдан басқа, «Родина» кинотеатрында қазақстандық режиссер Талғат Теменовтың «Смуглянка/QaraQyz» және режиссер Рашид Сүлейменовтың «Операция «Набат» фильмдерінің көрсетілімдері өтті.
Қазақстан Республикасының Қазандағы Бас консулы Ерлан Ысқақов, Башқұртстан Республикасы Мәдениет министрінің орынбасары Ильнур Мухьянов, аудармашы, Ұлттық әдебиет мұражайының директоры Миляуша Кагарманова, Башқұртстан Республикасы Жазушылар одағының төрағасы Айгиз Баймухаметов құттықтау сөз сөйледі.
Іс-шараға қатысушылар Қазақстан туралы өткізіліп жатқан фотокөрме екі халықтың жақындасуына елеулі үлес қосатынын және халықаралық ынтымақтастық саласындағы маңызды қадам болатынын атап өтті. Қазақ халық ертегілері заманауи мәдениеттің іргетасы, адамгершілік күш пен руханияттың қайнар көзі болып табылады. Жинаққа қазақ халқының бай мәдениетін, салт-дәстүрлерін баяндайтын қазақ халық ертегілері енді. Уфадағы қазақстандық кино күндерінің бағдарламасы көрермендерді қазақ мәдениетіне тағы да жақындатады.
Сол күні қазақтың музыкалық шығармалары мен ұлттық тағамдары көрсетілді.
Іс-шараға Башқұртстан іскер топтарының, БАҚ және қазақ диаспорасы, Уфада тіркелген шетелдік бас және құрметті консулдықтардың өкілдері, сондай-ақ республиканың мемлекеттік және қоғам қайраткерлері қатысты.