Жамбыл Жабаев – қазақ ақыны, екінші дәрежелі Сталин сыйлығының лауреаты (1941).
Ол өз өмірін жалпыадамзаттық құндылықтарды насихаттауға, әділеттілік пен патриотизмді дәріптеуге арнады. Оның мұрасы-қазақ халқының өмір тарихының айнасы. Жамбыл шығармашылығы бүгінгі күнге дейін өзекті және тек қазақстандық қана емес, шетелдік әдебиеттанушылардың да зерттеу нысаны болып табылады. Ақынның шығармалары әлемнің 50-ден астам тіліне аударылған.
“Жамбыл-біздің дәуіріміздің ең жарқын әрі дарынды әншісі”, – деп жазды қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов. “Өз халқының құрметі, дауысы, жүрегі және ақиқаты” деп оны орыс совет ақыны Николай Тихонов атады.
Ұлы Даламызда ұлттық сөздің туын көтерген тұлғаның бірі. Ұрпақтар сабақтастығын ұлы өнерімен жалғаған жыраудың соңында қалдырған мол мұрасы қай кезде де ұлтымыздың рухани қазынасы екені даусыз. Сондықтан Жамбыл туралы сөз – қазақ сөзінің қасиеті туралы сөз.
Тәуелсіздігіміздің салтанатты 30 жылдық мерекесі қарсаңында аталып өтер үлкен игі-шараның бірі – жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойы. Жыр дүлдүлі Жамбыл Жабаевқа деген қазақ халқының шексіз құрметін, ыстық ықыласы мен ілтипатын тәуелсіздік идеясы тұрғысынан қайта сараптап, зерделеудің уақыты келді. Ақын қалдырған атақты әдеби мұралардың алтын арқауын саралағанда олардың өн бойынан азаттық ойдың ұшқыны айқын көрінеді.
Жамбыл Жабаев – суырып салма өлеңнің де, толғау өлең, қысқа эпиграмма, экспромт, эпикалық дастан шығарудың да шебері. Ол халқымыздың рухани дүниесіне қуатты да өміршең жырлары арқылы мәңгі өшпес үлес қосты. Ақын қарапайым халықтың ауыр тұрмысына аяныш білдірді, ел тағдырына алаңдады. Әділдікті, адалдықты, адамдықты, оған қоса ерлікті, бірлікті уағыздады. Жалғандық пен опасыздықты, жалпы халық мүддесіне жат нәрсенің қандайын болса да ащы әжуа, алмастай кесіп түсетін мысқылмен аяусыз шенеп отырды. Сөйтіп, ол тәуелсіздік идеясын, адамгершілік, ар-ождан мәселелерін ту ғып көтерді.
Тұңғыш Президент – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұлы жырау жайлы былай деген еді: «Егер біз Жамбыл даналығын тәу етіп, ұлылығын ұлағат тұтып жатсақ, оның себебі, Жамбыл арманының адамзаттық арман-аңсарымен ұласып жатқандығында. Сондықтан да, қазақтың Жамбылына адамзаттың -Жамбылы ретінде құрмет көрсетіп, өлмес рухының алдында басымызды иеміз. Қазақ халқы барда, оның тілі мен діні аман тұрғанда, адалдық пен адамдықтың, әділеттілік пен ізгіліктің жаршысы – Жамбыл да мәңгі жасай бермек». Осынау парасатты пайымның халықтық тұжырым болып қабылдануына толық негіз бар.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2021 жылы 5 қаңтарда жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында айтылған ұлттық құндылықтарды таным мен тағылым тұрғысынан бағамдап, келешек ұрпаққа сақтап жеткізу туралы ойларымен де тұспа-тұс келіп отыр. Жырау шығармашылығындағы көтерілген негізгі идея ел бірлігі мен тұтастығын жырлау екендігі айқын. Осы тұрғыдан алып қарағанда қуатты, тегеурінді жыр алыбы Жамбылдың шығармалары тәуелсіз Қазақстанның жасампаз істерімен үндесіп жатыр.
Ақынның мерейтойларында әр бес жыл ¬сайын жамбылтану саласындағы жетістігіміз бен кемшілігімізді сараптап, бағыт-бағдарымызды анықтап алу дәстүрімізге айналып келеді. Сондай атаулы күндердің әрқайсысында Жамбылдың аты асқақтап, халқымыздың мәртебе-мерейі жаңа бір биікке көтерілгендей болады.
Жамбыл Жабаев шығармашылығының басты тақырыптық өзегі – адам мен заман. Сол дәуірде өмір сүрген замандастарының жақ¬сылығы мен жамандығын, адамдығы мен надан¬дығын, адалдығы мен арамдығын сарапқа салып, үлкен философиялық ой түйіндеулер жасай білген. Уақыт өлшеміне салып адам баласының әрбір жасаған ісіне түптің түбінде бір жауаптың бар екендігін ақын тебірене отырып толғайды. Сондықтан да жырау болмысына терең бойлап бағамдағанда, дүниенің өзіндік өлшемі оның ұрпағына қалдырған адами істері екндігіне кәміл сенесіз. Мазмұнды толғау, халықтық асыл мұра Жамбылдың шығармашылық өнері мен өнегесіне сапалы үлес қосты.
Жамбыл Жабаев – қазақ поэзиясының қай жанрында жырласа да, өзінің дария диапозонды тынысымен тереңнен тербеп, шалқар шабытымен шымырлап ағатын дария сынды талант иесі. Ақын шығармашылығы парасатқа, философиялық терең ұлттық құндылық¬тарға өте бай. Халық поэзиясы қандай құнарлы болса, сол қайнардан қанып ішкен оның өлеңдері де сондай нәрлі де нақышты. Оның жырларында замананың телегей-теңіз тынысы, дәуірдің дидары бар. Ақиқаттың ақ алмасындай сөздері елдің ойы мен арманына тұтас үндеседі.