2021 жылдың 10-12 қазанында Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов бастаған қазақстандық делегация Башқұртстанға іс-сапармен келді. Қазақстан делегациясының құрамына Батыс Қазақстан облысының Әкімі Ғали Есқалиев, Қазақстан Республикасының Қазан қаласындағы Бас консулы Ерлан Ысқақов, мемлекеттік органдардың, ғылыми, іскер топтардың өкілдері және т. б. кірді.
Сапар барысында делегация Башқұртстан басшысы Радий Хабировпен, премьер-министр Андрей Назаровпен, табиғатты пайдалану және экология министрі Орал Искандаровпен, Уфа қаласының мэрі Сергей Грековпен, “Башнефть” ҚХА ЖАҚ Бас директоры Хасан Татриевпен, “Байрам” компаниясының Басшысы Павел Антипинмен, “ПСК-6” компаниясының басшысы Андрей Носковпен, “Уфимский” Көлік Агро-Логистикалық Паркінің Бас директоры Николай Бычковпен, “Евразия” компаниясының Бас директоры Музаффар Рахимовпен және т. б. кездесулер мен келіссөздерге қатысты. Сонымен қатар, делегация Башқұртстанды басқару орталығы жұмысының негізгі бағыттарымен, сондай-ақ Республиканың даму корпорациясының, Стратегиялық әзірлемелер орталығының және ситуациялық антиковидтік орталықтың қызметімен танысты.
Келіссөздер барысында Қазақстан мен Башқұртстан арасындағы өңіраралық ынтымақтастықты кеңейту, сауда-экономикалық қатынастарды тереңдету мәселелері талқыланды.
Аталған тақырып БҚО экспорттық және инвестициялық әлеуетінің тұсаукесерімен және Қазақстан мен Башқұртстан кәсіпорындарының қатысуымен дөңгелек үстел өткізу барысында өзінің мазмұнды жалғасын тапты.
Сапар қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Башқұртстан Республикасының ынтымақтастығын дамыту жөніндегі Жол картасына, Қазақстан Республикасының сауда және интеграция министрлігі мен Башқұртстан Республикасының басшысы арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың трансшекаралық орталықтарын дамыту саласындағы өзара түсіністік туралы Меморандумға, Орал және Стерлитамак қалалары арасындағы Жол картасына қол қойылды.