Қазан, 2025 жылғы 4 наурыз – Қазақстан Республикасының Қазандағы Бас консулы Ерлан Ысқақов «Дала Еуразиясының ортағасырлық қалаларының археологиясы» атты халықаралық ғылыми конференцияға қатысты.
Конференцияға қатысушылар ортағасырлық қалалар мен қоныс кешендерін зерттеумен, пәнаралық кешенді зерттеулерді жүргізумен, реставрациялау жұмыстарының әдістерімен, археологиялық коллекцияларды қабылдау және есепке алу ерекшеліктерімен, сондай-ақ ғылыми экспедицияларды өткізумен байланысты өзекті мәселелерді талқылады.
Конференция Дала Еуразиясының тарихи-мәдени мұрасын сақтау, зерттеу және танымал ету үшін үлкен маңызға ие. Археологиялық зерттеулер халықтардың тарихы мен мәдениетін ғылыми танудың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Көптеген ескерткіштер ұзақ уақыт бойы дәстүрлі тарихнаманың көлеңкесінде қалып келді, бүгінде олар түрлі пәнаралық әдістерді қолдану арқылы өз құпияларын ашуда. Археология, антропология, генетика, геоақпараттық технологиялар және жаратылыстану-ғылыми тәсілдер көшпелі империялардың қала орталықтарын қалай құрғанын және дамытқанын, бұл қалалардың қалай жұмыс істегенін және жаһандық процестерде қандай рөл атқарғанын түсінуге мүмкіндік береді.
Қазақстан егіншілер мен мал өсірушілер, қала мен дала мәдениетінің тығыз симбиозын ұштастырған дала өркениетінің бесігі болып табылады. Орта ғасырлық археология Қазақстан ғылымында ерекше орын алады, өйткені ол қазақ халқының мемлекеттілігі мен этногенезі және басқа да маңызды бағыттар мәселелерін шешумен тікелей байланысты. Алтын Орда археологиясын, Қостанай облысындағы Қамысты, Маңғыстау облысындағы Қарақабақ және т.б. қоныстарды қазу жалғасуда.
Халықаралық конференцияда Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия және Ресейден келген 50-ден астам зерттеуші түрлі тақырыптарда баяндамалар жасады. Қазақстандық делегацияның қатысушылары: Ақан Оңғарұлы мен Арман Бисембаев.
Іс-шара Татарстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен Ғылым академиясының қолдауымен өтті.