Кейбір БАҚ-тарда Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі Вице-министрі Марат Нұрғожиннің Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының пленарлық отырысында сөйлеген сөздеріне сілтеме жасай отырып, Қазақстанның “Байқоңыр” кешенін жалға алу ниеті туралы материалдар жарияланды.
Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Қазақстан тарабы “Байқоңыр” кешені бойынша Ресей Федерациясымен жасалған халықаралық шарттарға, оның ішінде кешенді жалдау мерзімі бойынша шарттарға бейілділігін сақтайтынын мәлімдейді.
2004 жылғы 9 қаңтарда жасалған “Байқоңыр” кешенін тиімді пайдалану жөніндегі ынтымақтастықты дамыту туралы мемлекетаралық келісімге сәйкес Ресей Федерациясының “Байқоңыр” кешенін жалға алуы 2050 жылға дейін ұзартылды.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары көтерген Байқоңыр қаласын әлеуметтік-экономикалық дамыту туралы барлық мәселелер Қазақстан мен Ресей үкімет басшылары орынбасарларының басшылығымен өтетін “Байқоңыр” кешені жөніндегі Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясының жақын отырысында қаралатын болады.