Бүгін Индустрияландырудың екінші бесжылдығы аясындағы жалпыұлттық телекөпірде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа елімізде автожол құрылысы саласындағы жобалар бойынша есеп берілді.
“ҚазАвтоЖол” ҰК” АҚ Басқарма төрағасы Ермек Қизатов Ресей мен Шығыс Еуропаға шығуға мүмкіндік беретін жол бойынша есеп берді.
“Нұрлы жол” мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бойынша “Орал-Тасқала” автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Екі жылдың ішінде өзге салалардан 1,5 мыңнан аса маман жұмысқа тартылып, 100 шақырым жол жаңартылды. Алдағы уақытта жол бөлігінің өткізгіштігі екі мыңнан жеті мыңға дейін көтерілетін болады. Сонымен қатар, Қазақстан-Ресей шекаралық бекетінің көліктерді өткізу қабілеті 2 есеге артады. Осы жол “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” халықаралық көлік дәлізіндегі транзиттің өсуіне мүмкіндік береді. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Орал-Тасқала тас жолы іске қосылуға дайын. Қозғалысты бастауға рұқсат сұраймыз!”, – деді Е.Қизатов.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жалпы жол салу үлкен жұмыстарды қажет ететінін, алдағы уақытта да автокөлік жолдары мен өзге де байланыс желілерін құрылысына ерекше мән берілетінін атап өтті.