Бүгін Мәскеудегі ҚР Елшілігіне белгілі қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, әйелдердің қазіргі заманғы жеке сырғанаудағы озықтарының бірі Элизабет Тұрсынбаева келді.
Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшісі Ермек Көшербаевпен жылы достастық кездесудің барысында ол өзінің күнделікті жаттығулар мен жаңа жарыстарға дайындықтан тұратын қазіргі кездегі спорттық өмірі туралы, сонымен қатар ММХҚИ-дағы оқуы жөнінде айтып берді.
Қазіргі уақытта спортшы қыз Ресейде, Юлия Липницкая, Алина Загитова және әлемнің екі дүркін чемпионы Евгения Медведева сынды спортшыларды дайындаған белгілі жаттықтырушы Этери Тутберидзенің қоластында жаттығып жүр. Тұрсынбаева мен Тутберидзенің бірлескен жұмысы Бейжіңде өтетін 2022 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарына дейін қарастырылған.
2019 жылғы наурызда жапондық Сайтама қаласында өткен әлем чемпионатында тамаша өнер көрсеткен спортшы 2018 жылғы Олимпиада чемпионы, ресейлік Алина Загитованы ғана алға салып, екінші орынды иеленген болатын. Сондай-ақ, Тұрсынбаева тарихтағы еркін бағдарлама барысында ересектер арасында таза төрттік сальхтарды орындаған алғашқы мәнерлеп сырғанаушы болды.
20 жастағы Элизабет Мәскеуде туған және 5 жасынан бастап Ресейде жаттыққан. Қай тудың астында өнер көрсету жөнінде мәселе көтерілгенде, жас қыз ата-анасының тарихи отанын таңдаған. Айта кететін жай, ол Жаңа 2021 жылды Қазақстанда қарсы алмақшы.
“Мен үшін жерлестерімнің қолдау көрсетуі өте маңызды. Мұндай энергия күші қиындықтарды жеңуге көмектеседі және күннен күнге әрі қарай, келешек жеңістерге қарай алға басуға түрткі болады”, – деп Элизабет Тұрсынбаева кездесудің соңында ағынан жарылды.