Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығы Еуразиядағы өзара іс-қимылдың формасы мен мазмұнын айқындайды.
Бұл туралы екі ел сарапшылары бас қосқан форумда айтылды. Сақа сарапшылар әлеммен бірге Еуразияда түрлі жаңашылдықтың күн санап дамып жатқанын тілге тиек етті. Осы өзгерістердің пайдасы мен зиянын аймақтағы ынтымақтас елдер сараптап, біліп отыруы тиіс екен. Сондай-ақ жаһандық геосаяси трансформация, еуразиялық экономикалық одақтың дамуы сынды өзекті мәселелер талқыға түсті.
Қазбек Майгелдинов, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы өңірлік зерттеулер қызметінің басшысы:
– Қазіргі уақытта Еуразия аймағында әртүрлі сипаттағы трендтер пайда бола бастады. Мәселен, ҚХР жүргізіп жатқан Жібек жолы экономикалық саясаты, сонымен қатар ЕАЭО мен “Бір белдеу – бір жол” бағдарламасын ынтымақтастыру мәселелерін талдау керек. Осының барлығы Қазақстан-Ресей қарым-қатынасының басты тетіктерінің бірі. Сол себепті, бүгінгі таңдағы ең басты қаралатын мәселелер Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынастың көп жақты форматын одан әрі дамыту болып отыр.