Челябинск облысының Троицк қаласы биыл өз алаңында тарихындағы 60-ыншы «Сабантойды» тойламақ. Бұл мерейтойлы шараға Оңтүстік Уралды мекендеген түркі тілдес халықтары мен Қазақстаннан арнайы шақыртылған өнерпаздар мен меймандар ат салысуда.
Челябинск облысының «Халықтар достығы» мекемесінің директорі Юлия Лапидус хабарлағандай, биылғы «Сабантой» мерекесіне Қазақстан өкілдерімен бірге, Татарстан, Башқұртстан және Челябинск облысының барлық аудандары жиылған. Троицк тұрғындары түрлі байқау мен халықтық ойындарға қатысып, татар-башқұрт тағамдарынан дәм татуда.
«Сабантойдың» қазіргі заманғы келбеті, әр халықтың ұлттық дәстүрлерін ұлықтаумен қатар, әлемдегі жаңалықтарды да бойына сіңіреді, – деп ойымен бөлісті Юлия Лапидус, – бұл мерекеде көптеген дарынды спортшылар, қолөнершілер және әртістер көрермендерге өз концерттерін тарту етеді. Менің ойымша, халықтар достығын дәріптеген мұндай мейрамның орны ерекше!
Егіс жұмыстарының аяқталуын думан ететін «Сабантой» биыл Троицкіде 60-ыншы рет тойлануымен қатар Башқұртстан Республикасының 100 жылдығымен тұспа тұс келіп тұр.