Біз әріптестерімізді осы мерекемен құттықтаймыз және тағдыр жер шарының қай түкпіріне жіберсе де, Отанымыздың мүддесіне шексіз беріліп, адал қызмет етуіне тілейміз.
Атам заманнан қазақтар дипломатиялық өнердің бар арсеналын – даналық, сөзге шешендік пен тапқырлықты жетік меңгеріп, философиялық тәсілдер және мәселелерді шешудің бірегейлігімен, саяси сезімталдығы және көрегендігімен ерекшеленетін. Осы мерекенің құрметіне Тәуелсіздік алғанға дейін еліміздің халықаралық деңгейде сыртқы саяси жетістіктерге жетуіне зор үлес қосқан Қазақстанның ұлы дипломаттарын еске түсірейік:
– Нәзір Төреқұлов – Қазақстанның ХХ ғасырдағы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат. 1928–1936 жылдары Кеңес Одағының Сауд Арабиясындағы Тұрақты Өкілі. Оның дипломатиялық және құқықтық қызметі заманауи қазақстандық дипломатия мен халықаралық құқықтанушылар мектебі туындауына негіз болды.
– Төлеген Тәжібаев – алғашқы Қазақстан сыртқы істер халық комиссары (1944–1953 жж., 1955–1958 жж.), республиканың Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары. Оның жетекшілігімен министрлік қызметінің негізін қалаған алғашқы шешімдер мен құжаттар қабылданды.
– Қайырғали Байғалиев – Қазақ КСР алғашқы Мәдениет министрі және бір уақытта Сыртқы істер министрі (1953–1955 жж.). Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы мәдени-ағарту мекемелері жөніндегі комитет төрағасы, Қазақстан КП ОК көркем әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі, Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің хатшысы қызметтерін атқарған, 1961 жылы «Қазақфильм» киностудиясының директоры болып тағайындалған. Ой-өрісі кең және бірегей қабылетті, сезімтал және қайырымды тұлға болған.
– Асқар Закарин – ҚазКСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары және Сыртқы істер министрі (1958–1961 жж.). Физика-математикалық ғылымдарының кандидаты, профессор, ҚазКСР Жоғарғы мектебінің құрметті қызметкері. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің ректоры, Ағарту министрі, ҚазКСР Жоғары Кеңесінің төрағасы болған. Асқар Закарин – қайсарлықтың жарқын үлгісі.
– Әди Шәріпов – ҚазКСР Ағарту министрі және Сыртқы істер министрі (1963–1966 жж.), азКСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, Қазақстан Ғылым академиясының Әдебиет және өнер институтының директоры болып қызмет атқарған. Ұлы Отан соғысында Ә.Шәріпов 27 ай бойы партизандық отрядтың қатарында соғысып, Беларусьтің Брянск және Смоленск ормандарындағы жаудың тылы бойынша рейдтерге барған.
– Балжан Бөлтірікова тұңғыш әйел Сыртқы істер министрі болды (1966–1971 жж.). Ол БҰҰ мінбесіне шыққан тұңғыш қазақ қызы. Б.Бөлтірікова сыртқы саяси ведомство беделін жоғарылатуға айтарлықтай үлес қосты.
– Мәлік Фазылов – ҚазКСР Сыртқы істер министрі (1973-1976 жж.). Оның дипломат ретінде жоғары кәсіпқойлығының арқасында СІМ мәртебесі өзгеріп, дербес мекеме ретінде рөлі өсті. М.Фазыловтың тұсында СІМ жұмысына шет елдерде қызмет атқарған, шетел тілдерін меңгерген кәсіби дипломаттар тартыла бастады. Мәлік Фазылов КСРО Төтенше және Өкілетті Елшісі болған жалғыз қазақ. Бұл лауазымда жалпы 14 жыл жұмыс істеді. М.Фазылов отставкаға шыққан соң да, соңғы күндеріне дейін тәуелсіз Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінде кеңесші ретінде еңбек етті.
– Мүслім Базарбаев – ҚазКСР Мәдениет және сыртқы істер министрі (1976–1981 жж.). Бірқатар халықаралық конференциялар мен конгресстерді өткізудегі ұйымдастырушы ретінде оынң қосқан үлесі орасан. Швеция, Индонезия, Дания, ГФР-де әлемдік симпозиумдарды өткізуге Кеңес Одағының атынан белсенді қатысқан.
– Михаил Исиналиев – ҚазКСР Сыртқы істер министрі (1981–1989 жж.). Қазақстандық дипломаттардың шетелдік іссапарларға, тағылымдамаларға бару мүмкіндігіне қол жеткізді. Ранг, шет тілдерін меңгеру және киім-кешек үшін одақтық дипломаттар үшін орнатылған жеңілдіктер біздерге де таралатын болды. Қазақстаннан дипломаттар Үндістан, Йемен, Лаос, Ауғанстан, Вьетнам, Ирактағы кеңестік елшіліктерде мамандығын жоғарылату, Германия, Қытай, Болгария, Сирия және басқа елдердегі кеңестік елшіліктерде тағылымдамадан өту мүмкіндігін алды.
– Ақмарал Арыстанбекова – ҚазКСР Сыртқы істер министрі (1989–1991 жж.). 1992 жылғы сәуірден 1999 жылға дейін – Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі, 1996 жылғы қазаннан – Қазақстан Республикасының Куба Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы. 1999 жылғы қазаннан 2003 жылғы сәуірге дейін – Қазақстан Республикасының Франция Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі қызметін қоса атқарушы. Қазіргі уақытта Ақмарал Хайдарқызы ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі лауазымында дипломатиялық қызметтің дамуына өз үлесін қосуды жалғастырып келеді.
Бұрынғы ҚР Сыртқы істер министрлері қатарында бұл лауазымда жалпы алғанда 10 жыл қызмет атқарған бүгінгі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та бар.
«Ұлы тұлғалар туралы түсінік болмай, бір де бір заманды дұрыс түсінуге болмайды, – деп айтқан Нұрсұлтан Назарбаев. Себебі адам тағдыры арқылы біз тарих біліп қана қоймай, оның рухын да ұғамыз».
Біз табанды еңбектің арқасында Қазақстан әлем қауымдастығының абыройлы және жауапты мүшесі болған барша әріптестерімізді төл мерекесімен құттықтаймыз! Ниеттеріңіз түзу, ал істеріңіз ойластырылған және игі болғай!