Қазақстан Республикасы – президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет. Конституцияға сәйкес, біздің ел өзін адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандығы ең қымбат қазынасы саналатын демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады.
Қазақстан тәуелсіздігін 1991 жылы 16 желтоқсанда алды. Ел астанасы – Астана қаласы. Мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Орыс тілі ұлтаралық қарым-қатынас тілі мәртебесіне ие. Ақша бірлігі – теңге.
Қазақстан Республикасының Президенті – мемлекеттің басшысы, оның ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, сонымен қатар, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік ететін мемлекеттің ең жоғары лауазымды тұлғасы. Президент – халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының нышаны және кепілі.
Үкімет Қазақстан Республикасының атқарушылық билігін жүзеге асырады, атқарушы органдар жүйесін басқарады және олардың қызметіне жетекшілік жасайды.
Заң шығару қызметін тұрақты негізде жұмыс жасайтын екі палатадан – Сенаттан және Мәжілістен тұратын Қазақстан Республикасының Парламенті жүзеге асырады.
Сенатты конституциялық заңда белгіленген тәртіппен әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан екі адамнан өкілдік ететін депутаттар құрайды. Сенатта ұлттық-мәдени және қоғамның өзге де елеулі мүдделерінің қамтамасыз етілуі қажеттігі ескеріліп, он бес депутатты Президент тағайындайды. Мәжіліс конституциялық заңда белгіленген тәртіппен сайланатын жүз жеті депутаттан құралады. Мәжілістің тоғыз депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды. Сенат депутаттарының өкілеттілік мерзімі – алты жыл, Мәжіліс депутаттарының өкілеттілік мерзімі – бес жыл. Қазіргі уақытта Мәжілісте үш партия – «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы және Қазақстанның Коммунистік халықтық партиясы өкілеттілік етеді.
Әкімшілік-аумақтық құрылымы бойынша ел 17 облыс және республикалық маңызы бар 3 қалаға бөлінеді: