Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматуллин Санкт-Петербордағы 137-ші Парламентаралық Одақ Ассамблеясынақатысу аясында Мемлекеттік Думаның төрағасы Вячеслав Володинмен парламентаралық өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.
Әңгімелесу барысында тараптар Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынастың сипаты, екі ел президенттерінің стратегиялық серіктестігінің айғағы екендігін атап өтті.
Сонымен қоса Н.Нығматуллин мен В.Володин мемлекет басшыларының келісімдерін қазақстандық және ресейлік депутаттардың заңнамалық қолдауының маңыздылығына тоқталды.
Сондай-ақ, екіжақты қатынастар және ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы аясында ынтымақтастықты арттыру мәселелері талқыланды. Еуразия елдері спикерлерінің отырысы, Мәжіліс пен Мемлекеттік Думаның бейінді комитеттері мүшелерінің бірлескен кездесуі және ынтымақтастық жөніндегі Палатааралық комиссия сияқты маңызды алаңдарға назар аударылды.
Нұрлан Нығматуллин ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы жиынына қатысты.
ҰҚШҰ мүше-мемлекеттер парламентшілерінің кезекті кездесуі энергетика қауіпсіздігі, гуманитарлық көмек, сондай-ақ, мемлекеттік құпияға қатысты модельдік заңдарды қарауға арналды.Жиынға қатысушылар сондай-ақ, ақпараттық саладағы заң бұзушылықтармен күрес мәселелері жөніндегі қылмыстық заңнамаларды жетілдіру бойынша ұсынымдарды да назардан тыс қалдырмады.
Талқыланған сұрақтар қатарында Орталық Азияда аймақтық қауіпсіздікті және ынтымақтастықты, сонымен бірге, ҰҚШҰ ПА мен ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының өзара іс қимылын заңнамалық қамтудағы парламенттердің рөліне де назар аударылды.
Терроризмен күрестің өзектілігіне көңіл бөлген Мәжіліс Спикері аталған парламенттік ұйымдардың өзара іс-қимылын одан әрі ынталандырудың маңыздылығына тоқталды.
Осы ретте Н.Нығматулин тәжірибе алмасу мақсатында ҰҚШҰ ПА жұмысының келер жылға арналған жоспарында ЕҚЫҰ ПА бірлескен кездесуін ұйымдастыруды қарауды ұсынды.