Қазан, 21 маусым 2024 жылы – Татарстан астанасында БРИКС+ елдері қалаларының халықаралық форумы өтті. Іс-шараға Түркістан облысының Әкімі Дархан Сатыбалды, Қызылорда облысының Әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Астана қаласы Әкімінің рынбасары Есет Байкен, Ақтөбе қаласының Әкімі Азамат Бекет және Ақтөбе қалалық Мәслихатының Төрағасы Анар Даржановадан құралған қазақстандық делегация қатысты.
Форум аясында муниципалитетаралық және халықаралық ынтымақтастық мәселелері бойынша пікірталас сессиясы өтті. Форумға қатысушылар жаңа халықаралық ұйым – БРИКС+ елдерінің қалалары мен муниципалитеттері қауымдастығын құру мәселесін талқылап, оның басшысын, штаб-пәтерінің орналасатын жерін, жұмыс жоспарын және бірлескен жобаларды белгіледі. Бірлестік басқару тиімділігін арттыру және әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу үшін үздік өңірлік тәжірибе алмасудың бірегей алаңына айналады.
Осы күні Татарстан Республикасының Раисы Рустам Миннихановпен және Қазан қаласының Мэрі Ильсур Метшинмен кездесулер өтіп, өңірлік ынтымақтастық, бизнес, туризм және халықаралық іс-шаралар саласындағы жобаларды жүзеге асыруға муниципалитеттердің тиімді қатысуын арттыру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ адамдардың өмір сүру сапасын жоғарылату және қалалық ортаны жақсарту тақырыптары қозғалды.
Сонымен қатар, «Иннополис» арнайы экономикалық аймағы мен «Химград» Технополис индустриалды паркінің жұмысымен танысып, Татарстанның бизнес-қоғамдастығы өкілдерімен кездесулері өтті.
Форумға әлемнің 20 елінен 200-ге жуық мэр, вице-мэр, муниципалдық бірлестіктер мен жергілікті атқарушы органдар бірлестіктерінің басшылары қатысты.