Қазан, 23 маусым 2024 жылы – Қазанда V БРИКС Спорттық Ойындары аяқталды. Еліміздің делегациясын Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев басқарды. Делегация құрамына «Kazakh Tourism» ҰК АҚ және «Күрес түрлері бойынша олимпиядалық даярлау орталығы» РМҚК-ның Жедел бақылау қызметінің өкілдері кірді.
Спорттық Ойындар шеңберінде қазақстандық делегация БРИКС елдері спорт министрлерінің кездесуіне, «БРИКС елдеріндегі жоғары технологиялық спорт: тәжірибе және даму перспективалары» атты панельдік сессияға қатысты. Сонымен қатар, «Артефактілердегі Олимпиада ойындары» олимпиадалық топтамалар көрмесін тамашалап, «УРАМ» спорттық кешен саябағына қарады.
Сонымен қатар, Татарстан Республикасының Раисы Рустам Миннихановпен кездесу өткізіп, Қазақстан – Ресей қатынастары шеңберінде екіжақты ынтымақтастық және бірлескен жобаларды жүзеге асыру, әртүрлі жарыстар өткізуге жағдай жасау, халық арасында спорт пен салауатты өмір салтын насихаттау, екі республика арасындағы дене шынықтыру және спорт саласын дамыту мәселелері талқыланды.
БРИКС Ойындары – бұл осы экономикалық топқа мүше мемлекеттер арасында дәстүрлі түрде өткізілетін халықаралық мультиспорттық жарыс. Ұйым кеңейгеннен кейін одақ БРИКС+ деп атала бастады. Татарстан астанасы әлемнің 90-нан астам елінен 5 мыңға жуық спортшыны қабылдады. Жалпы, спорттың 27 түрінен барлығы 387 медаль жиынтығы додаға салынды.