Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған бір топ депутат Х БРИКС Парламенттік форумының қорытынды жиындарына және ТМД елдерінің Парламенттік Ассамблеясы Кеңесінің отырысына қатысты. Іс-шара барысында Достастық елдерінің депутаттары халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылап, ТМД ПАА-ның 2023 жылғы жұмысын қорытындылады.
X БРИКС Парламенттік форумының екінші күні кеңейтілген форматтағы Пленарлық отырыстың сессиясымен ашылды. Онда қатысушылар көпжақты сауда жүйесінің бөлшектенуіне қарсы іс-қимыл мәселелерін және жаһандық дағдарыстардың салдарынан туындайтын сын-қатерлерді еңсеру кезіндегі Парламенттердің рөлін талқылады. Сондай-ақ мәдени-гуманитарлық саладағы парламентаралық ынтымақтастықты нығайту барысына назар аударды.
Сонымен қатар бұл күні Санкт-Петербургте ТМД Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің отырысы өтті. Іс-шарада депутаттар Әзербайжан мен Ресейде өткен кезектен тыс президент сайлауына және Беларусьтағы Парламент сайлауына Ассамблеядан қатысқан байқаушылардың жұмыс нәтижелерін қарады. Одан бөлек, Өзбекстан мен Әзербайжанда өтетін Парламент сайлауына дайындық барысы пысықталды.
Кеңес отырысында ТМД-да модельдік заң шығарудың 2023-2025 жылдарға арналған перспективалық жоспары да қаралды. Палата Спикері Мәулен Әшімбаевтың тапсырмасымен Қазақстан Парламентінің Сенаты аталған жоспарға отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы модельдік заң әзірлеуді қосу жөнінде ұсыныс жасады. Қазақстандық сенаторлардың бұл бастамасына ТМД ПАА-дағы әріптестері қолдау білдіріп, біздің мемлекеттің заңнамалық жұмыстағы оң тәжірибесіне назар аударды.
“Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылды заңнамалық тұрғыдан реттеу және оның алдын алу бағытында Қазақстанның айтарлықтай тәжірибесі бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен биыл сәуір айында әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауды арттыруға арналған заң қабылданды. Сондықтан Қазақстан Парламентінің Сенаты ТМД елдері үшін модельдік заң әзірлеу туралы бастама көтерді. Осы жылдың соңына дейін Сенат тиісті заңнамалық актінің жобасын Парламентаралық Ассамблеяның қарауына енгізеді. Аталған модельдік заңды ТМД елдерінің Парламент депутаттары өздерінің заң шығару қызметінде пайдалана алады”, – деді Сенат Спикері.
Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев сапар аясыда бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.
Бүкілқытайлық халық өкілдерінің жиналысы Тұрақты комитетінің Төрағасы Чжао Лэцзимен сұхбат кезінде Палата Төрағасы Қазақстан-Қытай қарым-қатынасын жоғары бағалап, екі елдің байланысына ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің жақында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары және оның Астанадағы ШЫҰ саммитіне қатысуы тың серпін бергенін айтты. Мәулен Әшімбаев атап өткендей, Мемлекет басшылары қол қойған бірлескен мәлімдеме жан-жақты стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайта түсті.
Сонымен бірге Сенат Спикері Ресей Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің Төрағасы Валентина Матвиенкомен кездесті. Онда Мәулен Әшімбаев Х БРИКС Парламенттік форумы халықаралық деңгейде маңызды бастамаларды ілгерілетуге ықпал ететініне сенім білдірді. Тараптар екі мемлекеттің қарым-қатынасы барлық бағыт бойынша серпінді дамып келе жатқанын да тілге тиек етті. Атап айтқанда, өнеркәсіп, ғылым, ауыл шаруашылығы, көлік, туризм, білім беру және өңіраралық өзара іс-қимыл саласындағы бірлескен жобаларды әрі қарай арттыруға мүдделі екендерін танытты.
Үндістан Халық палатасының Спикері Ом Бирламен кездесу барысында мемлекеттер арасындағы берік экономикалық және мәдени байланыстар, сондай-ақ, парламентаралық ынтымақтастықты жандандыру мәселелері сөз болды. Одан бөлек, сұхбаттасушылар Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезі аясында рухани дипломатияны дамыту барысына тоқталды.
Мәулен Әшімбаев Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің Төрағасы Нұрланбек Шакиевпен де кездесті. Диалог кезінде бауырлас халықтар арасындағы қарым-қатынастың жан-жақты сипатына баса мән берілді. Сенат Төрағасы мұндай тығыз ынтымақтастық мемлекет басшыларының өзара сенім мен достыққа негізделген байланысының нәтижесі екенін, бұл екіжақты байланыстарға маңызды серпін бергенін айтты. Кездесу кезінде тараптар ТүркПА аясындағы ынтымақтастық пен ортақ міндеттерге және Ассамблеяның Өзбекстанда өтетін алдағы отырысына да назар аударды.