1. Сұрақ: Ресей Федерациясына кіру тәртібі қандай?
Жауап: Қазақстан азаматының Ресейге кіруі үшін қажетті құжаттар:
– үлкендер үшін – ұлттық төлқұжат немесе Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі;
– 16 жасқа дейінгі балалар үшін – туу туралы куәлігі немесе ұлттық төлқұжат.
Қазақстан азаматтарының Ресейге кіруі үшін виза қажет емес. Қазақстан азаматы Қазақстан-Ресей шекарасынан өткенде міндетті түрде кірген күні белгіленген көші-қон картасын рәсімдеуі тиіс. Ол – Ресейде 90 күн аралығында уақытша болу заңдық құқығын дәлелдейтін құжат болып есептеледі. Көші-қон картасы тек Ресей мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу бекетінде ғана рәсімделеді.
2. Сұрақ: Қазақстан Республикасы азаматының Ресей Федерациясында болу ережесі қандай?
Жауап: Ресей аумағында уақытша 30 күнге дейінгі мерзімге келген Қазақстан Республикасының азаматтары Ресей Федерациясының аумақтық Федералды көші-қон қызметі органы қызметінің тіркеуге (келген жеріне есепке тұрғызу бойынша) тұру міндетінен босатылады (РФ ФМҚ).
Уақытша болу мерзімі Ресей аумағына кірер кезде шекаралық бақылау органдары белгі қойған көші-қон картасының растауымен Қазақстан Республикасы азаматының Ресей территориясына кірген күнінен бастап есептеледі. Егер Қазақстан Республикасының азаматы Ресей аумағында 30 күннен артық болатын болса, аталмыш азамат РФ ФМҚ-тің территориялық органдарына тіркелуге (келген жері бойынша есепке тұру) міндетті. Ол үшін, қабылдаушы тарап жеке өзі немесе пошта арқылы Қазақстан Республикасы азаматының келуі туралы РФ ФМҚ-тің территориялық органдарын хабардар етуі керек. Заңды тұлға, Ресей азаматтары немесе Ресейде тұрақты тұратын шетел азаматтары өзін қабылдаушы тарап ретінде көрсете алады. Қабылдаушы тарап Қазақстан азаматынан Ресейге кіргені туралы шекаралық бақылау органдары белгі қойған көші-қон картасын, ұлттық төлқұжатын немесе жеке куәлігін көрсету талап етеді. Жалпы болу мерзімін 90 күннен асыра алмайды.
Қонақ үйлер, демалыс орындары, пансионаттар және тағы басқа да мекемелер шетел азаматының келіп орналасқаны туралы бір тәулік ішінде РФ ФМҚ-тің территориялық органдарына хабар берулері тиіс.
Қабылдаушы тарап шетелдік азаматқа келуі туралы арнайы белгі қойылған бланкінің бір бөлігін беруге міндетті.
Келесіге назар аударыңыз: шетел азаматының көші-қон есебіне тұрмай Ресей территориясында болуы заңсыз болып есептеледі. Ресей аумағында жүрген Қазақстан азаматында өзімен ұлттық төлқұжаты немесе жеке куәлігі және оның бұл елде болуының заңдылығын дәлелдейтін құжаты болуы тиіс (көші-қон картасы, РФ ФМҚ-тің территориялық органның немесе пошта бөлімінің белгі қойған бланк талонының ескерту бөлігі). Және оны көші-қон қызметі мен Ресей ішкі істер қызметкерлерінің талабы бойынша көрсетуі керек. Төлқұжат көшірмесін жеке сақтау ұсынылады. Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігі Қазақстан азаматын көші-қон есебіне қоя алмайтынын назарға алуларыңызды сұраймыз. Шет ел азаматын көші-қон есебіне қоятын құзыретті мемлекеттік орган – РФ Федералды көші-қон қызметі болып табылады.
3. Сұрақ: Уақытша болу мерзімі аяқталғанда не істеу керек?
Жауап: Қазақстан азаматы Ресей аумағына келген күннен бастап 90 күнге дейін бола алады. Уақытша болу мерзімі аяқталған соң ол Ресейден шығуы тиіс. Қазақстан азаматы уақытша болған жерінен кетерде қабылдаушы тарапқа РФ ФМҚ аумақтық органының немесе пошта бөлімшесінің белгі қойылған ескерту талон бланкісінің бөлігін беруі керек. Қабылдаушы тарап шетелдік азамат кеткен соң екі жұмыс күні ішінде аталған талонды РФ ФМҚ аумақтық органына жіберуге міндетті (шетелдік азаматты көші-қон есебінен шығару).
4. Сұрақ: Уақытша болуды қалай ұзартуға болады?
Жауап: Егер жұмыс беруші Қазақстан азаматымен 90 күннен аса мерзімге еңбек шартын жасаған жағдайда Ресейде уақытша болуды ұзартуға болады.
Уақытша болу мерзімі бекітілген шарттың мерзімі аясында ұзартылуы мүмкін, бірақ көші-қон картасына қойылған тиісті белгіге сәйкес, Ресейге келген күннен бастап есептегенде бір жылдан аспауы керек.
Егер Ресейде ұзақ мерзімге қалғыңыз келсе, 3 жылға дейін уақытша тұруға рұқсат алу қажет. Ол үшін уақытша болу мерзімі аяқталғанша, РФ ФМҚ аумақтық органына арнайы өтініш беру керек. Уақытша болуға рұқсат алғаннан кейін, Қазақстан азаматы уақытша тұратын жері бойынша тіркеуге отырып, жыл сайын қайта тіркеуден өтіп тұруы қажет. Сондай-ақ, жыл сайын өзінің Ресейде тұрып жатқаны туралы уақытша тұруға рұқсат алған жері бойынша РФ ФМҚ аумақтық органға хабар беріп отыруы тиіс.
5. Сұрақ: Шет ел азаматы Ресейде болу ережесін бұзған жағдайда қандай жаупкершілікке тартылады?
Жауап: Егер, шет ел азаматы Ресей территориясына кіру, болу немесе жұмысқа орналасу ережесін бұзатын болса, оған үлкен көлемде айыппұл салынуы мүмкін, елден құылады немесе Ресейден әкімшілік жолмен шығарылады.
Шет ел азаматының Ресей аумағында болу және жұмысқа орналасуына қатысты ережелерге сәйкес, лауазымды тұлғалар, жұмыс берушілер және басқа да шет ел азаматын шақырған тұлғалардың өз міндетін дұрыс атқармай, заң бұзушылыққа жол бергендері үшін Ресей Федерациясында қарастырылған заңнама бойынша жауапкершілікке тартылады.
6. Сұрақ: Құжаттарды жоғалтып алған жағдайда не істеу керек?
Жауап: Егер Қазақстан азаматы Ресейде жүргенде ұлттық тұлқұжаттын немесе жеке куәлігін жоғалтып алатын болса, оған дереу Қазақстан Республикасына оралу куәлігін алу үшін жақын жердегі Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасының консулдық мекемесіне жүгінуге тура келеді. Барлық құжаттың көшірмесін жасап, оларды сенімді жерге сақтап қою ұсынылады. Қазақстан Республикасы азаматы төлқұжатының немесе жеке куәлігінің көшірмесі болса, Қазақстанға оралу куәлігін сәйкестендіріп алу жылдам болады немесе Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасының консулдық мекемесі арқылы ұлттық төлқұжатын қайта жасау тез жүзеге асады (егер азамат Қазақстаннан шығарылған, Ресейде тұрақты тұрғылықты жері болса). Егер, Қазақстан азаматы көші-қон картасын немесе ескерту бланкі талонының бөлігін жоғалтып алатын болса, ол азамат РФ Федералды көші-қон қызметінің аумақтық органына жоғалтып алғаны туралы жазбаша өтініш жасауы керек. Тиісті тексеруден кейін ол құжаттың телнұсқасын ала алады.
7. Сұрақ: Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің консулдық есебінде кімдер тұруы керек?
Жауап: Егер Қазақстан азаматы Ресейге тұрақты тұруға кетсе, ол консулдық есепке тұруы қажет (ұлттық төлқұжатқа консулдық есепке алынғаны туралы мөртаңба қойылады). Ал егер, Қазақстан азаматы оқуға немесе жұмысқа уақытша келген болса, онда ол уақытша консулдық есепке тұра алады (консулдық анықтама беріледі). Уақытша консулдық есепке Ресейге алты айдан аса мерзімге келген Қазақстанның барлық азаматтары тұра алады.
8. Сұрақ: Ресей арқылы транзитпен Украинаға бағыт алған Қазақстан азаматтарында қандай қиыншылықтар туындауы мүмкін?
Жауап: Егер Қазақстан азаматтары Украинаға тұрақты тұруға баратын болса, ұлттық төлқұжатта Украинаның Қазақстандағы Елшілігінен алған украин визасы болуы керек. 16 жасқа дейінгі балалардың мәліметтері ата-аналарының ұлттық төлқұжатына жазылуы керек немесе өзімен бірге украина визасы қойылған ұлттық төлқұжаты болуы қажет. Егер Қазақстан азаматы Украинаға 3 айға дейінгі мерзімге баратын болса, онда украина визасы қажет емес.
Балаларды туу туралы куәлікпен Украинаға кіргізбейтінін естен шығармаңыздар. Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша Қазақстанда ұлттық төлқұжатқа кез-келген жастан рәсімдеуге болады. Балалар туыстарымен бірге сапарға шыққан жағдайда, олар Қазақстанда алдын ала ұлттық төлқұжатты рәсімдеуі керек және баланың Қазақстаннан шығуына ата-анасының келісімі қажет.
9. Сұрақ: Ресейге тұрақты тұру үшін барған Қазақстан азаматтарында қандай қиыншылықтар туындайды?
Жауап: Ресейге тұрақты тұруға шыққан Қазақстан азаматтары Қазақстандағы тұрғылықты жері бойынша көші-қон полициясы басқармасынан кету парақшасы мен шығуға рұқсат алулары міндетті. Осыдан кейін көші-қон полициясы ұлттық төлқұжатқа «Ресейде тұрақты тұруға қалдыру үшін рұқсат» пен көші-қон полицияның мөрін басады. Сонымен қатар, мөр мен мөртаңба басылған Ресейде тұрақты тұруға кету парағы беріледі.
Ең көп таралған мәселе – құжаттардағы сәйкессіздіктер мен кету парақшасында көші-қон полициясы басқармасының мөрі болмауы.
Назар аударатын жайттар: туу туралы куәлік пен ұлттық төлқұжаттағы деректер сәйкес келуі тиіс. Егер некеге тұрсаңыз немесе бұзсаңыз, онда ұлттық төлқұжатқа тегіңіз неке бойынша сәйкес келуі қажет. Ұлттық төлқұжатты жас ерекшелігіне қарамай, барлық балаларыңызға рәсімдеуді ұсынамыз.
10. Сұрақ: Қазақстан азаматы төлқұжатының жарамдылық мерзімі аяқталғанда не істеу керек? Төлқұжаттың жарамдылық мерзімін ұзартуға бола ма?
Жауап: ҚР «Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы» 2013 жылғы 29 қаңтардағы Заңына сәйкес, төлқұжаттың жарамдылық мерзімі ұзартылмайды. Егер Сіз Ресей Федерациясына тұрақты тұруға кетсеңіз, онда жаңа төлқұжатты рәсімдеу үшін құжаттар жинау керек (тізімі аталған сайттың «Құжаттама» бөлімінде орналасқан) және ҚР елшілігінің консулдық бөліміне немесе РФ Қазақстанның консулдық мекемесіне өткізу қажет.