Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев Санкт-Петербургке барып, қаланың фашистік блокададан толық азат етілуінің 80 жылдығына арналған еске алу шараларына қатысты.
Елші Пискарев мемориалдық зиратына гүл шоқтарын қойды, Ленинград облысының Гатчина ауданында Ұлы Отан соғысы кезінде қаза тапқан КСРО бейбіт тұрғындарына арналған мемориалдың ашылуына қатысты, “Газпром Арена” кешенінде өткен концерт-реквиемді тамашалады.
Қазақстан Нева бойындағы қаланы қорғауға және азат етуге лайықты үлес қосты. Республикада жасақталған әскери бөлімдердің үштен бірі осы жерде соғысты. Олардың ішінде 310-шы және 314-ші атқыштар дивизиялары бар. Әйгілі Киров крейсерінің экипажында қазақстандық 156 адам болды. Жерлестеріміз Ленинград облысындағы партизан отрядтарында ерлікпен шайқасты. Қоршауда қалған қалаға Қазақстаннан азық-түлік пен жылы киім жөнелтілді. Республика эвакуацияланған ондаған мың ленинградтықтардың екінші үйіне айналды.
Қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаев шығармашылығында Ленинград қоршауы ерекше орын алды. Ескерткішіне гүл шоқтарын қоя отырып, Дәурен Абаев “Ленинградтық өренім!” өлеңі 1941 жылдың күзінде ең қиын кезеңде қала тұрғындарын қалай шабыттандырғанын еске алды.
Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова 1941-1942 жылдардағы Ленинградтағы сұрапыл блокада қысынан аман шықты. “Әлия шексіз сүйген қаладағы ескерткіш оның қаһармандық өткені мен бүгінін айғақтап, ортақ тарихымыз бен бауырластық қарым-қатынасымыздың тағы бір символына айналып отыр”, – деді Дәурен Абаев қазақ халқының даңқты қызының ескерткішіне гүл қою рәсімінде.
Елші атап өткендей, Жеңіс үшін қанша құн төленгенін біле отырып, біздің қасиетті борышымыз – осынау алып ерлікті есте сақтау және қастерлеу, оны келешек ұрпаққа мұқият жеткізу.