“Байқоңыр” кешені бойынша екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту, “Бәйтерек” бірлескен ғарыш жобасын іске асыру және Байқоңыр қаласының инфрақұрылымын дамыту. Міне, осылар қазақстан-ресей үкіметаралық комиссиясының VI отырысының өзекті тақырыптары болды. Бұл шарада қазақстандық делегацияны ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек басқарды.
Отырысқа Комиссия мүшелері, сондай-ақ шақырылған екі елдің мемлекеттік орган басшылары, Байқоңыр қаласының және Қызылорда облысы әкімдігінің басшылары, Қазақстан мен Ресей министрліктерінің, ведомстволары мен ұйымдарының жауапты қызметкерлері қатысты.
Отырыста талқыланған тақырыптар екі негізгі салаға: “Байқоңыр” ғарыш айлағының жұмыс істеуіне және Байқоңыр қаласының тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуге қатысты мәселелерге негізделді.
Байқоңырдағы ынтымақтастықтың маңызды сәті ретінде тараптар “Бәйтерек” зымыран кешенін құру жобасын атап өтті. Қазақстан мен Ресейдің осы бағыттағы ынтымақтастықты жандандырудағы өзара мүдделілігі расталды.
Комиссия мүшелері сондай-ақ “Байқоңыр”еркін экономикалық аймағын құру мәселесін қарастырды. Бұдан басқа, инженерлік инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты қолдауға және жаңғыртуға, абаттандыруға, тұрғын үйге қол жетімділікті қамтамасыз етуге, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, медициналық қызмет көрсетуге және туризмді дамытуға бағытталған Байқоңыр қаласын дамытудың ұзақ мерзімді бағдарламасының жобасы қосымша талқыланды.
Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтар көрсетілген отырыс хаттамасына қол қойылды. Тараптар ғарыш саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуді жалғастыратын болады.
Үкіметаралық комиссияның келесі отырысы 2020 жылдың сәуір айында Нұр-Сұлтан қаласында өтеді.