Елордада Бесінші Халықаралық классикалық музыка фестивалі және жас пианистер байқауы өтіп жатыр, деп “Хабар 24” хабарлайды.
Бір аптаға созылатын мәдени шараның өтуіне Қазақстанның Ресейдегі елшісі Иманғали Тасмағамбетов, Ресейдің халық әртісі Денис Мацуев, еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі мен “Аккорди ди Астана” қоғамдық қоры ұйытқы болған. 2013 жылдан бері өткізіліп келе жатқан дәстүрлі фестиваль бүгінде халықаралық байқаулардың ішінде жоғары рейтингке ие. Музыкалық сайыстың мақсаты клавиштік аспапта ойнау өнерінде жаңа жұлдыздарды ашу, дарындарды қолдау, ұлттық фортепианолық мектептерді дамыту және әлемдік музыка арқылы қазақтың төл өнерін дәріптеу.
Айта кетейік, бұл жолы 3 жас аралық санат бойынша қазақстандық өнерпаздармен қатар ресейлік, кореялық, қытайлық, әзербайжандық, украиндық, американдық және канадалық конкурсанттар қатысады.
Денис Мацуев, Ресей Федерациясының халық әртісі:
– Қазақстанда халықаралық музыкалық байқау өткізу туралы маған ұсыныс жасаған Иманғали Тасмағамбетовті жалпы идея авторы деп санаймын. Әлемнің түкпір-түкпірінен келетін жас пианистердің басын қосып, өзара бәсекелестіру туралы естігенімде алғашында таң қалғаным рас. Бірақ өздеріңіз куә болғаныңыздай, бұл байқау бүгінде 5-мәрте өткізіліп отыр. Әлемнің 20 елінен 104 өтініш келіп түскен. Бұл көрсеткіш Ресейдегі Чайковский атындағы байқаумен тең десем артық айтқаным емес.