Шаһарда қазақтардың кіші құрылтайы ұйымдастырылды. Алқалы жиында Елбасының Жолдауы талқыланып, көрші мемлекеттегі бауырларымызға мәдени-рухани жәрдем беру, оқу білім жағынан қолдау көрсету мәселелері талқыланды. Айта кету қажет, аталған шараны ұйымдастыруға “Отандастар” қоры мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мұрындық болды.
Ата жұрттан жырақта жүрген ағайын бұл жолы Омбы қаласында бас қосты. Қазақтардың кіші құрылтайына Ресейдің 25 өңірінен және Қазақстанның бірнеше облысынан келген делегаттар қатысты. Төс қағыстырып, қуанышпен қауышқан ағайын алқалы жиында өзекті деген мәселелерді талқылады.
Зауытбек Тұрысбеков, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары:
– Ендігі жыл – бізде жастар жылы. Жастар жылын әрі қарай дамытып, сол төңіректе жұмыс істеуміз керек.
Ресейде қазақтар көп қоныстанған өңірлердің бірі – Омбы облысы. Бүгінгі күні мұнда жүз мыңға жуық қандасымыз тұрады. Оларды ұлт болып ұйыстырып, әдет-ғұрпымыз бен мәдениетімізді дәріптеу үшін ондаған арнайы орталық жұмыс істеп тұр. Енді тіл мәселесіне көңіл бөлінбек.
Тоқтарбай Дүсенбаев, Ресей қазақтарының ұлттық-мәдени федералдық автономиясының президенті:
– Балаларымыз домбыра үйренеді. Қазақ өлеңдерін жаттап жатыр. Бізге тіл жайлы көбірек қызмет істеу керек.
Дөңгелек үстел барысында Қазақстаннан барған ағайын тәуелсіздік жылдары еліміздің жеткен жетістіктерін саралап алға қойған жоспарларымен бөлісті. Елбасының соңғы Жолдауындағы міндеттер де түсіндірді. Енді келешекте екі елдің қазақтары ортақ жобаларды қолға алмақ.
Қазақтың тарихи тұлғаларымен байланысты шетелдегі киелі жерлер толыққанды зерттелетін болады. Ол үшін келер жылдан бастап арнайы туристік машруттар құрылмақшы.
Батырхан Жұмабаев, “Қасиетті Қазақстан” ғылыми-зерттеу орталығы директорының орынбасары:
– Алға қойған мақсат – 2019-2021 жылдары елімізден тыс, сыртта жатқан тарихи тұлғаларымызға байланысты қасиетті орындарды дәріптеу, зерттеу. Барлығын толыққанды зерттеуге қауымдастық себепкер болып және Ресейдегі қазақтар көмегін тигізсе екен деп келіп отырмыз.
Бүгінгі күні Ресейдегі ағайынның саны 1 миллионға жуықтаған. Олардың көпшілігі Қазақстан мен шекаралас аймақтарда тұрады.
Ал келер жылы мұндай басқосу Өзбекстан елінде өткізілмек.