Бүгін ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Каспий теңізі солтүстік бөлігінің түбін межелеу туралы қосымша хаттаманы ратификациялады. Заң жобасымен ҚР Энергетика министрінің міндетін атқарушы Махамбет Досмұхамбетов таныстырды.
“Көптеген жыл бойы Қазақстан мен Ресей дос, көрші мемлекеттер бола отырып, отын энергетикасы саласындағы ынтымақтастық үшін айтарлықтай әлеуетті дамытты. Біз жер қойнауын пайдалану саласында әсіресе Каспий теңізі аумағында жобаларды бірлесіп іске асыруда өзара іс-қимылдың жоғары деңгейіне қол жеткіздік. Атап айтқанда, 1998 жылғы 6 шілдедегі ҚР мен РФ арасындағы Жер қойнауын пайдалануға арналған егемендік құқықтарды жүзеге асыру мақсатында Каспий теңізі солтүстік бөлігінің түбін межелеу туралы келісім және 2002 жылғы 13 мамырдағы Хаттама шеңберінде іске асырылатын Құрманғазы, Хвалынский және Центральный жобалары бұған дәлел. Хвалынский және Центральный жобалары Каспий теңізінің ресейлік секторында орналасқан. Олар РФ заңнамасына сәйкес іске асырылады. Құрманғазы учаскесі Каспий теңізінің қазақстандық секторында орналасқан. Оның аумағы 3,5 мың шаршы шақырым”, – деді Досмұхамбетов.
Оның айтуынша, 2017 жылғы 9 қарашада ҚР мен РФ мемлекет басшылары Каспий теңізінің солтүстік бөлігін түгел межелеу туралы мемлекетаралық келісімге қосымша Хаттамаға қол қойды. Сондай-ақ, жуырда Ақтауда өткен Каспий саммитінде Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылды.
Жиында сенаторлар теңіздегі экология мәселесіне алаңдаушылық білдірді. Ал Энергетика министрлігінің өкілі жобалардың экологияға зияны жоқ деді.
“Теңіз аумағында Қашаған үлкен кен орнының мұнайын игеріп отырмыз. Оған қосымша бірқатар жоба іске асырылуда. Барлау кезінде нәтиже дұрыс болмай, қазір жалғасын табатын тағы екі кен орны бар. Қазір олар бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Экологияны сақтау тәртібі бұзылмай, сол жобалар іске асырылатынын біз бұрыннан көріп келе жатырмыз. Тек қана Қазақстан секторында ғана емес, Ресей секторында да осындай кен орындары игеріліп жатыр. Одан ешқандай проблема көріп отырған жоқпыз. Егер технология дұрыс сақталса, тәртіп болса, экологияға зияны тимейді”, – деді Махамбет Досмұхамбетов.
Бүгін Сенат отырысында депутаттар “1998 жылғы 6 шілдедегі ҚР мен РФ арасындағы Жер қойнауын пайдалануға арналған егемендік құқықтарды жүзеге асыру мақсатында Каспий теңізі солтүстік бөлігінің түбін межелеу туралы келісімге Хаттамаға Қосымша хаттаманы ратификациялау туралы” ҚР Заң жобасын қабылдады.