Астанада “Astana Piano Passion” Төртінші Халықаралық классикалық музыка фестивалі және жас пианистер байқауы ашылды. Бұл шығармашылық сайысты бүгінде Қазақстанның жас астанасының музыкалық брэнді деп атайды.
Концертті ҚР еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиновтың басқаруымен, “Астана опера” оркестрі ашты. Е.Рахмадиевтің “Құдаша-думан” мерекелің күйі орындалды. Ары қарай, сахнада “Astana Piano Passion” Үшінші Халықаралық жас пианистер байқауының бірінші сыйлық лауреаты Симон Каракулиди (Ресей) өнер көрсетті. Ол С.Прокофьевтің фортепианомен оркестрге арналған №1 концертін орындады, дирижері – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов.
Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт вице – министрі Ақтоты Райымқұлова байқаудың қатысушыларын құттықтап, Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрлігі атынан арнайы сыйлық ұсынылатынын айтты.
“Байқауға 140-тан аса өтінімдер берілді, алғаш рет жартылай финалда бірден 13 елдің қатысушылары өнер көрсетпек. Қазір әлем музыканттарының назары осы байқауға ауып тұр!”, – деп жалғастырды байқаудың көркемдік жетекшісі, Ресей Халық әртісі Денис Мацуев.
Бұл кеште Ресейдің Халық әртісі Денис Мацуев, “Астана Опера” театрының симфониялық оркестрімен С.Рахманиновтың фортепианомен оркестрге арналған №3 концертін орындады.
Фестиваль 28 сәуірге дейін созылады. Дәстүр бойынша, бұл күндері Астанада күнде жартылай финалистердің тыңдалымы және қазіргі заманның үздік пианистері мен педагогтерінің шеберлік – сабақтары өтеді. 23-24 сәуір күндері жоспарланған бағдарлама аясында, “Астана Опера” театрында қатысушылардың жартылай финалы өтеді. 25 сәуір күні сағат 19.00-де фортепианолық музыка бағалаушыларын “Астана Опера” театрының Камералық залында өтетін жартылай финалистердің концерті күтеді. 26-27 сәуір күндері “Астана Балет” театрында пианистердің финалдық өнер көрсетулері өтеді. 18 сәуір күні сағат 19.00-де “Астана Балет” театрының сахнасында салтанатты жабылу рәсімі болады.
Естеріңізге саламыз, “Astana Piano Passion” байқауы дарынды балаларға әлемге өздерін танытуға және қомақты ақшалай сыйлықты ұтып алуға керемет мүмкіндік береді. Қатысушылардың өнерін беделді халықаралық қазылар алқасы бағалайтын болады. Байқауды ұйымдастырушылар ҚР мәдениет министрлігі, Астана қаласының әкімшілігі, Ресейдің Халық әртісі Денис Мацуев және Мәскеу филармониясының қолдауымен “Accordi di Astana” қоғамдық қоры.