20 жастағы Қазақстан тумасы, Санкт-Петербург мемлекеттік экономикалық университетінің 3 курс студенті Максим Арышев Санкт-Петербург қаласындағы метрополитенде орын алған жарылыс кезінде қаза тапты.
Бүгін Санкт-Петербургқа келген Максимнің туысқандары ҚР Бас консулдығы қызметкерлерімен бірге мәйітханадағы марқұмның денесін танып, растады.
Бұл ретте Бас консулдық тарапынан Санкт-Петербург қаласының әкімшілігі, құқық қорғау органдары бірлесіп Максим Арышевтің туысқандарының жарылыс құрбанының денесін айғақтауға баруы ұйымдастырылды.
Вагондағы жарылыс 3 сәуір күні “Сенная площадь” және “Технологиялық университет” станцияларының арасында жүріп бара жатқанда орын алды. Соңғы мәліметтер бойынша жарылыс салдарынан 14 адам қаза тауып, 51 адам жарақат алған.
Еске сала кетейік, Мәскеу уақыты бойынша сағат 21.06-да “жедел желіге” Алматыдан ҚР азаматшасы Ирина Арышевадан қоңырау келіп түсті. Оның айтуынша жарылыс туралы мәліметтерден кейін оның 1996 жылы 18 тамызда туылған ұлы, Санкт-Петербургтегі Экономикалық университеттің 3-курс студенті Арышев Максим Витальевичтің байланысқа шықпай жатқанын айтты. Туыстарының айтуынша, Максим соңғы рет 2017 жылғы 3 сәуірде сағат 14.30-да өзінің құрбысына хабарласқан. Ол сол кезде сабақтан шығып, түскі ас ішуге бара жатқанын айтқан. Осыдан кейін ол байланысқа шықпады.
Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Иманғали Тасмағамбетов қаза болған жасөспірімнің туысқандары мен жақындарына көңіл айтты.
“Санкт-Петербург метрополитенінде болған лаңкестік жарылыс салдарынан балаларыңыздың қазаға ұшырауына байланысты орны толмас қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын. Осынау ауыр күндері қайғыны көтеретін қайраттылық танытып, болашаққа деген сенімдеріңіз бен үміттеріңіз мұқалмасын”, – деп жазылған көңіл айту хатында.
Бұған дейін ресейлік бұқаралық ақпарат құралдары М.Арышев лаңкес-жанкешті болуы мүмкін деген ақпарат таратқан еді. Алайда бұл ақпарат шындыққа жанаспайды және асығыс берілген мәлімет еді.