Татарстан Республикасының Ұлттық кітапханасында қазақтың көрнекті жазушысы Мұхтар Әуезовтің татар тіліндегі кітабының жарық көруіне арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оның туғанына 125 жыл толуына орай шығарылған жинаққа “Көксерек”, “Қараш-қараш оқиғасы”, “Қилы заман” атты үш шығармасы енген.
Кездесуді ашқан Қазақстан Республикасының Қазан қаласындағы Бас консулы Ерлан Ысқақов бұл кітаптың тарихи мұраны сақтау және елдер арасындағы мәдени-гуманитарлық, тарихи-мәдени қарым-қатынасты дамыту мақсатында шығарылғанын атап өтті. Оның айтуынша, Мұхтар Әуезов ХХ ғасырдың кәсіби өнері мен әдебиетінің қалыптасуының қиын жылдарында бүкіл саналы ғұмырын халқына қызмет етуге арнаған, демократиялық әдебиет пен прогресшіл ойдың дамуына үлес қосқан, Татарстанның белгілі жазушыларымен тығыз байланыста болған.
Шараға өзінің 80 жылдық мерейтойын тойлап отқан классиктің ұлы Мұрат Әуезов қатысты. Белгілі мәдениеттанушы, мемлекет және қоғам қайраткері әкесінің өмірі мен қызметі, татар мәдениетінің көрнекті өкілдерімен достығы, педагог, публицист, ағартушы, қазақ мәдениетінің үш көрнекті өкілі Біләл Сүлеев, Ілияс Жансүгіров және Мұхтар Әуезовтің жары болған анасы Фатима Ғабитова туралы айтты. Мұрат Әуезов әкесінің шығармаларын өзге тілде түсіну қиын екенін айта келе, олардың татар тіліне тамаша аударылғанына ризашылығын білдірді.
Кітапты татар тіліне аударған Қазан федералды университетінің Филология және мәдениетаралық коммуникациялар институтының доценті Гүлфия Гайнуллина аталған үш шығарманың кездейсоқ таңдалмағанын айтты. Себебі, 1968 жылы “Қараш-қараш оқиғасы”, 1973 жылы “Көксерек” фильмдері түсірілді.
Филология ғылымдарының докторы, профессор, Татарстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері Хатип Миннегулов қазақ және татар халықтарының ежелден келе жатқан және тығыз мәдени байланыстары туралы айтты. Ол ХХ ғасырдың басында Мұхтар Әуезов оқыған Семейде халықтың жартысы татарлар болғанын, қазақ әдебиетінің болашақ кемеңгер тұлғасының қалыптасуына татар мәдениетінің ықпал еткенін еске алды.
Шараны қорытындылай келе, оның қатысушылары Мұхтар Әуезовтің шығармашылық мұрасы әлемдік әдеби процестің елеулі құбылысына айналғанын, қазіргі заманда да өзектілігін сақтайтынын, жазушы ұлттық мәдениеттің ғана емес, әлемдік мәдениеттің дамуына баға жетпес үлес қосқанын атап өтті.
Қазақ классигі шығармаларының татар тіліне аударылған кітабының таралымы 100 дананы құрайды. Алдағы уақытта кітап Қазан қаласының және Татарстанның басқа облыстарының мұражай, мұрағат және көрме қорларына түседі.