Қостанайда картоп мәселесі өткір болып тұр.
Бір апта бұрын оның құны дүкен сөрелерінде 140 теңгеге дейін көтерілді. Баға шарықтаған сайын, халықтың сұранысы да өрши түскен. Қостанайдың бағбандары болса өнімдерін Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан сияқты көрші елдерге жөнелтуде. Десе де баға бүгін кішкене болса да төмендей бастады.
Владимир Семейкин – көлемі он мың тонна болатын көкөніс сақтау қоймасының иесі. Қоймалардың тең жартысы картопқа арналған. Тұрғындардың биылғы сатып алу белсенділігі тәжірибелі бақша шаруашылығы басшысының өзін таңғалдырып отыр.
“Жыл сайын қыркүйек-қарашада жоспарлы түрде бір жарым, екі мың тонна картоп сататынбыз. Қазір бұл көлем таусылуға таяу, тұрғындар “пышақ үстінен бөліп әкетіп жатыр” десек те болады”, – бақша шаруашылығының басшысы Владимир Семейкин дедi.
Шаруашылық иесі базардағы бағаға сай, картоптың келісін жүз теңгеден өткізді. “Менің міндетім – өнімді түгел сату емес, іркіп ұстап, келер көктемге дейін көкөністі сарқып алмау”, – дейді ол. Ал облыс орталығындағы көтерме сауда орындарында картоп ең өтімді тауарға айналған. Сұранысты көрген ресейліктер де қап-қап көкөніс тиеген камаздарын қаптатуда.
“Бір апта бұрын 90-85 теңге еді, қазір ресейліктер келгелі баға түсті, халық жақсы алып жатыр ғой сатушы”, – Ғалия Темірбекова дедi.
Қазір көтерме бағамен 80-90 теңгеге таңдағаныңды ала аласың. Ішінара 75 теңгеден сатып жатқандар да бар. Бір қызығы, көрші елдің картобы Қостанайдың нарығына бәсекелестік тудырса, жергілікті өнімдер экспортқа жол тартқан.
“Дәл картопты айтатын болсақ, Ресейге 475 тонна тасымалданған. Біздің облыстан Өзбекстанға – 1798 тонна, Түрікменстанға 285 тонна тасымалданған екен”, – облыстық АШБ басшысы Дархан Әбдікәрімов дедi.
“Сыртқы сұраныстың артуы көрші елдерде ауа райының қолайсыздығынан картоптың аз жиналуына байланысты”, – дейді мамандар. Қостанайда да өнімділік жылдағыдан төмен. Сонда да алаңдауға еш негіз жоқ. Облыстың қажеттілігі 69 мың тонна болса, аймақта 170 мың тонна өнім жиналған. Оның сыртында тұрақтандыру қорына қаржы бөлініп, аудандарда он екі мың тонна азық қорын жасақтау жайлы келісімшартқа қол қойылды.