Бүгін қазақтың көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, “Алаш” партиясы жетекшілерінің бірі, ғалым, публицист Әлихан Бөкейхановтың қайтыс болғанына 85 жыл толуына орай Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің дипломаттары сталиндік қуғын-сүргін құрбандары жерленген Донской зиратындағы оның жатқан жеріне барып, еске алды.
Жерлеу орны 1990-шы жылдардың басында “Расстрельные списки: Донское кладбище. 1934-1940” кітабы шыққаннан кейін ғана белгілі болды. Кейіннен Бөкейхановтың 1937 жылғы 27 қыркүйекте атылып, қазақтың мемлекет қайраткері Нығмет Нұрмақовпен бірге жерленгені туралы ақпарат пайда болды. 1989 жылдың мамыр айында Бөкейханов әрекеттерінде қылмыс құрамының болмауына байланысты КСРО Жоғарғы Сотының Жарлығымен ақталды.