Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев Псков облысына жұмыс сапарымен барды.
Өңір губернаторы Михаил Ведерниковпен кездесу барысында ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды. Өзара сауданың әлеуеті әлі толық іске асырылмағаны, тауар айналымын арттыруға мол мүмкіндіктер бар екені айтылды. Тараптар инвестиция тартуға, көліктік-логистикалық тізбектерді дамытуға, бірлескен білім беру жобаларын жүзеге асыруға қызығушылық танытты.
Дәурен Абаев ежелгі Псков жерінің бірегей тарихи және мәдени ескерткіштерге бай екенін атап өтіп, мұражай және туризм салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін жеткізді.
Биыл Псков облысының фашистік басқыншылардан азат етілгеніне 80 жыл. Соғыс жылдарында мұнда мыңдаған жауынгерлер, оның ішінде қазақстандықтар қаза тапты.
Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова ерлікпен қаза тапқан Новосокольники ауданында Дәурен Абаев пен Михаил Ведерников Монаков қорымындағы Мәңгілік алауға және Әскери даңқ мемориалына гүл шоқтарын қойды. Мұнда 2,5 мың жауынгер жерленген, оның 730-ы қазақстандықтар.
Елші Невель қаласында Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова мен қаланы азат ету кезінде қаза тапқан полковник Әбілқайыр Баймулдиннің ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды.
Еске алу шаралары барысында Дәурен Абаев Псков облысының басшылығы мен тұрғындарына соғыс қаһармандарының естелігін сақтап, мәңгілікке қалдырғаны үшін алғысын білдіріп, олардың ата-бабаларының ерліктері туралы тарихи шындықты өскелең ұрпаққа жеткізудің маңыздылығын атап өтті.