Қазақстан Президентінің биылғы Жолдауы – қарапайым халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған. Сондықтан, ол барша жұрттың тарапынан қолдау тауып, тез арада іске асуы тиіс. Бұл – түбіміз бір туысқан татар қайраткерлерінің пікір-пайымы.
Бауырлас татар жұртының зиялы қауымы Қазақ елінде болып жатқан оқиғаларды жіті назарда ұстайды. Жергілікті қоғам қайраткерлері, Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауымен жан-жақты танысып, оған өздерінің оң пікірін айтып отыр. Мәселен, Татарстанның Қазақстандағы тұңғыш өкілетті өкілі болған Мұрат Кәрімовтың ойынша, биылғы Жолдауда нақтылық бар.
Мұрат Кәрімов, Татарстанның Қазақстандағы тұңғыш өкілетті өкілі:
– Халықтың қамына, әлеуметтік мәселеге, халықтың жалақысына, оқуына, пәтеріне, жұмысына арналған. Ол кенді біздің жалпақ тілмен сөйлегенде, бұл халықтың қамын ойлаған деген болады. Қазақстанның өсуі, өркендеуі, күшінің көбеюі деген Татарстан үшін қуаныш. Сондықтан, осындағы мен білетін зиялылар бұған өте жақсы пікірмен қарайды.
Қазан федералды университеті – бүкіл Ресей бойынша ең іргелі оқу орындарының бірі. Осы университеттің профессоры, татардың білгілі жазушысы Фоат Галимуллин, “Жолдауда білім саласына басымдық берілуі қуантарлық жайт” деп отыр. Ал, Татарстан Парламентінің депутаты Ирек Шарипов “Қазақстанның алдына қойған мақсат-міндеті дамыған елдерге тән” дейді.
Ирек Шәріпов, Татарстан Республикасы мемлекеттік кеңесінің депутаты:
– Халық мемлекет үшін емес, мемлекет халық үшін жұмыс істеуі керек. Бұл Жолдауда айтылған негізгі ой осы деп ойлаймын. Себебі, қарапайым адамдардың әл-ауқатын арттыру – кез келген отбасы үшін өзекті мәселе. Төменгі жалақыны өсіру, негізгі әлеуметтік салаларға ішкі жалпы өнімнің 10 пайызын бөлу – өркениетті, дамыған елдердің деңгейі дер едім.
Фоат Галимуллин, Қазан федералды университетінің профессоры:
– Ұстаздардың мәртебесі туралы заң қабылдау керек деп айтты. Бұл өзекті жайт. Себебі, білім беру, тәрбие беру мәселелері келешекке бағытталған қадамдар. Ұстаздардың жұмысы да, тұрмысы да, қоғамдағы абыройы да жақсы болуы керек.
Ресей бойынша Қазақстанмен байланысы ең берік өңір – Татарстан. Қос тарап экономика, өнеркәсіп, мәдениет және білім-ғылым саласында өзара тәжірибе алмасып тұрады. Сондықтан, біздің елде іске асып жатқан біраз игі бастамаларды татар жұрты әрдайым қуана қабылдайды.